DOI:
Ключові слова
ұлттық құндылықтар, поэзия, жастар шығармашылығы, дәстүр, қазіргі заман, сабақтастық, мазмұн мен идея, көркемдік
Ұлттық құндылықтар – әрбір ұлттың өмір салты мен рухани болмысындағы ғасырлар бойы қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан қағидаттар жүйесі. Әрбір халықтың тарихи даму кезеңінде сұрыпталып сыннан өткен, ең қымбат мұра ретінде жинақтаған құндылықтары – ана тілі мен тарихи танымы, рухани және адами қасиеттері, моральдық нормалары, салт-санасы мен дәстүрлі ұстанымдары сол халықтың ұлттық идеясының негізін құрайды. Ұлттық құндылықтар халықтың өмірінде ерекше орын алып, жаңа ұрпақ үшін маңызды тәрбие көзі болып табылады. Халықтың өмір тәжірибесі арқылы ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтар қоғам дамыған сайын жаңа нышан-сипаттармен толығып, заман талабына орай жетіліп отырады. Қазіргідей жаһандану жағдайында әлемдік қауымдастыққа әр халық өзінің ұлы рухани қазынасы – тілі, ділі, тарихы, салт-дәстүрі, әдебиеті мен өнері секілді рухани байлығын жаңғырта отырып кіріккенде ғана ұлттық сипатын сақтап қала алады. Өйткені, ұлттық тәрбиенің негізі болып табылатын асыл рухани құндылықтар – дәстүр мен заманәуи тенденцияларды жалғастырып, бүгін мен болашақтың арасындағы алтын көпір ретінде ізгілік пен моральдық тұрақтылықты сақтауға кепіл болатын алтын арқау. Ол әрбір ұлт өкілінің адамдық қасиетін нығайтып, жанын асылдандыра түсетін, халықтың даналық ой-тұжырымдарынан туындап, ұдайы жаңғырып отыратын жасампаз ережелер мен қағидаларды құрайды. Қазақы дүниетаным, ақыл-ой, салт-дәстүр, тағылымдық ұлағат халық тәжірибесінен өріс алып, ғасырлар бойы шыңдалып қалыптасқан. Сол сан ғасырлық ұлттық тәрбиенің негіздеріне сүйеніп, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын, насихаттайтын және жас ұрпақтың санасына сіңіретін ең бір пәрменді құрал – көркем әдебиет болса, соның ішінде поэзияның алар орны ерекше. Мақалада маңғыстаулық жас ақын қыздар Гүләйім Дәуітбаева мен Нұргүл Маулинаның өлең-жырларындағы ұлттық құндылықтардың орны пайымдалады. Автор осы ақындардың шығармаларын талдай отырып, олардың танымдық және тәрбиелік маңызын қарастырады, ұлттық сана-сезімді қалыптастырып, ұлттық мүддеге қызмет етудегі ролін зерделейді. Поэзиялық мәтіндердегі ұлттық ұғымдар мен ой-тұжырымдардың мәні әдеби, философиялық, психологиялық тұрғыдан сараланып, жастар шығармашылығының концептуалдық бағдарына баға беріледі.