DOI:
Кілтті сөздер
қалау, ар, өлшем, ізгілік, ұждан, ұят, намыс
Бұл мақалада ардың тұлғалық адамгершілік көкжиегіндегі арғы рухани өлшем екенін айғақтауға қажетті ұғымдық айқындылық алғышартына қол жеткізу басты назарда ұсталды. Зерттеу мақсаты ар ұғымының даналық тарихындағы ұғымдық нұсқаларын тарихи лингвистикалық және этикалық мағыналар тұрғысынан салыстырмалы анализдеу, сол арқылы арды өзек еткен қазақы мораль тұжырымдамасының дәстүрлі келбетін реконструкциялап шығаруға талпыныс жасау болды. Бұл зерттеуде феноменологиялық әдіснамаға сүйеніп, адамның қалау-таңдау жүйесіндегі ардың үстем рөлін өздік бақылау және бағалау ретінде сипаттау жасалды; ар ұғымының қазақ, грек, латын, қытай және парсы тілдеріндегі тарихи төл мағынасына этимологиялық, семантикалық және мәдени салыстыру жасалып, олардағы ортақтық пен айырмашылық аңдатылды; «ұят», «ұждан» және «намыс» сынды іргелі этикалық категориялардан ар ұғымының өзіндік айырмашылығын айқындау үшін қазақы әдепкі контекстер мен мағыналарды жеткізу стильдеріне герменевтикалық анализ жасалды; ар мен қалаудың, ар мен ақылдың сәйкестігімен қатар, өзара қайшылықты болу мүмкіндіктеріне де назар аударылды. Мақалада тарихи және мәдени бірегейлігіне қарамастан, қазақы ар ұғымы әлемдік философиялық категориялар жүйесіндегі қатысты терминдермен мағыналас деген қорытынды шығарылды.