DOI:
Кілтті сөздер
ғибадат, рәміз, психология, қазақ дүниетанымы, діни тәжірибе
Мақалада ғибадат феноменінің психологиялық қызметі, рәміздік мәні және қазақ дүниетанымындағы сипаты мен қазақ ойшылдарының осыған қатысты көзқарастары қарастырылады. Ғибадат – тек белгілі бір формада орындалатын діни парыз қана емес, адамның рухани әлемін көркейтетін, әлеуметтік байланыстарды нығайтатын және тұлғалық даму үдерісіне әсер ететін маңызды құбылыс ретінде сипатталады. Бірінші бөлімде ғибадаттың психологиялық функцияларына баса назар аударылады. Оның ішкі тыныштық пен үйлесімділікке жетуге, өзін-өзі реттеу қабілетін арттыруға, сана-сезімді шоғырландыруға және стресс пен депрессиядан арылуға, адамның өз нәпсісін жеңуге қосатын үлесі талқыланады. Сонымен қатар зерттеу барысында қазақ халқының дәстүрлі діни тәжірибесіндегі, қазақ ойшылдарының шығармаларындағы ғибадаттың рәміздік мәні терең зерделеніп, оның ұлттық мәдениет пен сенім жүйесіндегі орны талданады. Намаз, ораза, зікір, қажылық жасау, дұға жасау және басқа да құлшылық түрлерінің семиотикалық ерекшеліктері олардың символдық мәнін айқын танытады. Зерттеу нәтижесінде қазақ дүниетанымында ғибадаттың танымдық, тәлімдік, эмоционалдық қызметтері анықталып, оның жеке тұлғаға, оның моральдық қасиеттерінің дамуына ықпалы көрсетіледі. Сондай-ақ, осы зерттеу жұмысының нәтижесін елімізде жүргізіліп отырған ішкі және сыртқы туризм саласында да қолдануға болады.