DOI:
Кілтті сөздер
Таблиғи жамағат, Орталық Азия, діни қозғалыс, ислам, Үнді субконтиненті, ислами ағым, рухани номадизм
Ғылыми мақалада тәуелсіздік жылдары Орталық Азияда тараған ислами қозғалыстардың бірі «Таблиғи жамағаттың» ерекшеліктері қарастырылған. Автор діни қозғалыстың пайда болу тарихына тоқталады, сонымен қатар, басқа ғалымдардың теориялық және эмпирикалық зерттеулеріне сүйене отырып, оның қызметі, құрылымы, негізгі идеясы мен Орталық Азия аймағына тигізетін ықпалын түсінуге тырысады.
Бұл зерттеуде қырғыз зерттеушісі, PhD Эмиль Нәсрітдиновтің Таблиғи жамағат туралы жеке эмпирикалық деректеріне негізделген мақала қарастырылады. Себебі автор діни ағымның сапарларына өзі тікелей тәжірибе жүзінде қатысқан, осы арқылы біз Таблиғи жамағат қозғалысы мен өкілдерінің табиғатын қатысушының көзқарасы арқылы түсіне аламыз. Бұдан бөлек, мақалада Байрам Балшы, Махеш Ранджан Дебат, Матейс Пелкманс, Иззет Ахмет Бозбей, Шусянь Тан есімді зерттеушілердің Орталық Азиядағы Таблиғи жамағаттың орны мен қызметі, сондай-ақ қозғалыстың жергілікті саяси контекстпен қарым-қатынасы туралы жазған еңбектеріндегі тұжырымдар сарапталады. Осылайша, ғалымдардың теориялық және эмпирикалық еңбектерін талдау «Таблиғи жамағаттың» Орталық Азиядағы табиғатын екі көзқарас тарапынан айқындауға мүмкіндік береді. Бұндай тәсілдеме зерттеуде жасалған тұжырымдардың ғылыми объективтілігін арттырады.