DOI:
Кілтті сөздер
конфессия, діни бірегейлік, діни сенім, институционалданған діндарлық, діни бірлестік, деноминация
Мақаланың негізгі мақсаты «конфессия» терминінің ұғымдық-мағыналық мәніне тұжырымдамалық талдау жасау. Бұл істің өзектілігі қазіргі таңда қоғамдағы ғылыми феномендерді белгілеуде «конфессия» терминін орынды пайдалануға септігін тигізумен байланысты. Біз көп жағдайда Қазақстан қоғамында болып жатқан дін саласындағы қатынастарды «конфессияаралық диалог», «конфессионалды бірегейлік» қырынан зерттеп жатып, «конфессия» терминінің тұжырымдамалық кеңістігіне терең мән бермегендіктен, оның астарындағы феноменді басқамен шатастыру тәуекеліне түсеміз. Осы орайда, ағымдағы зерттеу «конфессия» терминінің ұғымдық арнасын айқындауға бағытталады. Конфессия терминінің теориялық негіздерін контент талдау аясында, әртүрлі аспектідегі көрінісін зерделеу тиісті мақаланың кеңістігінде жүзеге асырылуда. Дін, діндарлық және конфессия, деноминация феномендерінің концептуалды ерекшеліктері зерттеуде көрсетіледі. Конфессия болмысындағы діни бірегейлік және діни бірлестіктің сипаттамасы осы мақаланың негізгі зерттеу шеңберінде талданады. Мақаланың теориялық негізі пәнаралық деңгейде қалыптастырылды. «Конфессия» термині дінтанулық, әлеуметтанулық, мәдениеттанулық, философиялық өлшемде талданды. Контент-талдау, салыстырмалы талдау негізінде «конфессияның» теологиялық, философиялық өлшемдері талқыланды.
Мақала көлемінде жүзеге асырылған зерттеу «конфессия», «дін», «діндарлық», «демонация» ұғымдарына байланысты әлеуметтік саладағы зерттеулерде ұғымдық шеңберді айқындауға қолдауын тигізеді.