DOI:
Кілт сөздер
мәдени саясат, мәдени саясат модельдері, креативті индустрия, мәдени индустрия, ұлттық бірегейлік, мәдени дипломатия, мәдени экспорт
Мақалада Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның мәдени басқару, институционалдық жобалау және стратегиялық мәдени даму рөліне басымдылық бере отырып, әртүрлі құрылымдалған мәдени саясат жүйелері арқылы өздерінің мәдени траекторияларын қалай қалыптастыратыны қарастырылады. Зерттеу екі ел мәдени саясатты мәдени өсу механизмі ретінде қалай тұжырымдайды? Мәдени экожүйелерді қандай институционалдық құрылымдар қамтамасыз етеді? Мәдени стратегиялар креативті өнімге, мұраның трансформациялануына және жаһандық мәдени кеңістіктегі орнына қалай әсер етеді? деген сұрақтарға негізделеді. Мақаланың мақсаты – екі елдің мәдени саясат мәселелерін салыстыру арқылы олардың ішкі мәдени логикасын анықтау және халықаралық тәжірибенің қандай элементтері Қазақстанның мәдени дамуын ілгерілетуге көмектесетінін бағалау. Әдістемелік тұрғыдан зерттеу салыстырмалы талдауға, дискурс талдауға және стратегиялық мәдени құжаттардың контент-талдауына негізделген, сондай-ақ мәдени индустриялар мен креативті сектор динамикасы туралы халықаралық деректер базасымен толықтырылды.
Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, Қазақстанның мәдени саясаты дәстүрлі мағыналарды сақтауды көздейтін модельді қалыптастырып, мәдени сабақтастыққа, символдық мұраға және бірегейлікті сақтауға басмдық береді. Ал Оңтүстік Корея, керісінше, KOCCA және KOCIS сияқты мамандандырылған институттардың қолдауымен цифрлық креативтілікке, контент экспортына және жаһанға бағытталған мәдени бастамаларға негізделген мәдени-өнімді модельді дамытады. Бұл тәсілдер институционалдық автономия, технологиялық интеграция және мәдени ресурстарды халықаралық деңгейдегі ықпалға айналдыру қабілеті бойынша ерекшеленеді. Мақалада Қазақстан өзінің мәдени саясатын мұраға бағытталған стратегияларды инноваицялық тетіктермен ұштастыру арқылы нығайта алатыны, сол арқылы бейімделгіш әрі ашық мәдени экожүйені қалыптастыруға болатыны дәлелденеді. Бұл зерттеу әртүрлі мәдени модельдердің жаһандық мәдени трансформацияларға жауап ретінде қалай дамитыны туралы жүйелі түсінік бере отырып, мәдени саясат саласындағы салыстырмалы зерттеулерге үлес қосады.