DOI:
Кілтті сөздер
Пайғамбар, Абай, дін, мораль, фәтраһ, ислам ғұламлары, ата-ана, Әбу Ханифа, мәзһаб
Зерттеу жұмысы барысында Абай Құнанбайұлының шығармашылығындағы ислам ілімдерін талдай отырып, М. Әуезовтің «Абай Құнанбайұлы» атты монографиялық еңбегіндегі Абайдың Мұхаммед пайғамбардың әкесі туралы айтқан сөзіне талдау жасалады. Бұл талдау ислам ілімдерінің басты қайнар көздері, яғни Құран аяттары мен пайғамбар хадистерін басшылыққа ала отырып жүргізіледі. Абай Құнанбайұлының шығармашылығында адамгершілік, моральдық тәрбие мен рухани құндылықтар аса зор орын алады. Оның философиясы мен дүниетанымы адамзаттың ішкі жан дүниесін, ақыл-ойын жетілдіруге бағытталған. Діни білім мен діни көзқарастарды Абай өз шығармаларында ерекше талқылап, мұсылмандық қағидаларға деген көзқарасын жиі білдірген. Абайдың ислам дініне қатысты көзқарастары оның философиялық ойлау жүйесімен тығыз байланыста. Сондай-ақ, Абайдың шығармашылығы қазақ қоғамының рухани дамуына зор ықпал етіп, оның діни танымы мен философиясы қазақ халқының тарихи мәдениеті мен дүниетанымында маңызды рөл атқарды. Бұл тұрғыда Абайдың Мұхаммед пайғамбардың әкесі туралы айтқан сөзі де маңызды әрі өзекті болып табылады. Зерттеуде Абайдың осы мәселеге қатысты пікірлері терең талданады. Атап айтқанда, Абайдың «әкенің дінін замана тұрғысынан пайымдаған» деп көрсетілген пікіріне екі түрлі түсініктеме жасалды. Біріншісі, пайғамбарымызға дейінгі араб жазирасындағы адамдардың күпірлікке белшесінен батып, зұлымдықтың қараңғы нәубеті иманның нұрын күтіп жатқан өларалық кезеңді меңзегені. Екіншісі, өз заманының ұры, қарақшы, жемқор, залым, жалқау, жалақорлары көбейген заманды ақтай алмайтынын еске салғаны.
Сонымен қатар, Абайдың дінтанулық білім базасына да қысқаша шолу жасалды. Абайдың ислам дініне қатысты көзқарастары ханафи мәзһабындағы имам Әбу Ханифаның еңбектерімен үндесіп, осы мәзһабтың негізгі қағидаттарына сәйкес келе ді. Бұл мәселелердің барлығы зерттеу барысында жан-жақты талданып, Абайдың ислам туралы білімінің тереңдігі мен оның қазақ қоғамының рухани дамуындағы маңызы анықталды.