DOI:
Кілт сөздер
әлеуметтену, виртуалды кеңістік, жастар, жаһандану, желілік белсенділік, саяси әлеуметтену, техногенді өркениет, цифрлық қоғам, цифрлық құзыреттілік
Мақала жастардың саяси әлеуметтену факторы ретіндегі цифрлық құзыреттілік мәселесін зерттеуге арналған. Авторлар мақалада жастардың саяси әлеуметтену процесінің өзгеріске ұшырауына цифрлы технологиялардың артып келе жатқан тікелей ықпалына ғылыми негізде талдау жасайды. Авторлардың пікірі бойынша цифрлы технологиялар бүгінгі күні жастардың саяси көзқарастары мен ұстанымдарын қалыптастыруда, цифрлық құзыреттілігін дамытуда және олардың саяси әлеуметтену процесінде маңызды құралға айналып отыр. Осы орайда жастардың саяси әлеуметтену процесі соңғы жылдары елеулі өзгерістерге ұшырады. Жаңа технологиялардың пайда болуы жастардың саяси белсенділігі мен өзара іс-қимыл формаларының өзгеруіне себеп болды. Бұл жайт саяси әлеуметтенудің алғашқы кезеңдерінің отбасылық ортадан қоғамдық-желілік ортаға біртіндеп ауысуына әкелді. Өзгерістер саяси әлеуметтенумен тығыз байланысты азаматтық мәдениеттің қалыптасу процестеріне де әсерін тигізді. Желілік ортаға терең бойлаған жастардың саяси дүниетанымының ерекшеліктеріне бұл процестердің қалай әсер еткені – қазақстандық қоғамның болашақ бейнесіне тікелей ықпал ететін фактор. Цифрлық ортада жұмыс істеу дағдылары бар кадрларға сұраныс ықтимал тәуекелдерді азайту және оларды оң формада бағыттау шараларын қабылдау қажеттілігінен туындайды.
Аталған гипотезаны дәлелдеу мақсатында виртуалды кеңістіктің жастардың саяси әлеуметтену процесін жүзеге асыруға ықпалы нақты статистикалық көрсеткіштерге жүгіне отырып зерттелді. Заманауи цифрлы технологиялардың жастар үшін пайдасымен қатар, олардың саяси әлеуметтену процесіне кері әсер ететін түрлі теріс салдарына «алгоритимдік бейімділік» тәуекелдері және АИ-нің сайлау мінез-құлқына әсеріне болжам жасалынады. Бұл жайт қазіргі уақытта және болашақта зерттелінген мәселеге басқаша қырынан қарауға мүмкіндік береді, сондай-ақ, оның мазмұнын арттыра түседі.