ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ КЕЙБІР ЗАҢНАМАЛЫҚ АКТІЛЕРДІҢ ДӘСТҮРЛІ ОТБАСЫ ИНСТИТУТЫНА ӘСЕРІ
DOI:
https://doi.org/10.48010/02h4vt87Кілт сөздер:
отбасы институты, ажырасу, толық емес отбасы, атаулы әлеуметтік көмек, жесір әйел, әлеуметтік саясат, құқықтық мәртебеАңдатпа
Мақалада Қазақстан Республикасындағы отбасы институтының қазіргі ахуалы және оған әсер ететін бес орталық заңнамалық акт – «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңы (1997), ҚР Әлеуметтік кодексі (2023), «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Кодексі (2011), «Білім туралы» ҚР Заңы (2007) және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің № 257 бұйрығы (2023) – кешенді түрде қарастырылады. Зерттеу нысаны – аталған актілер шеңберінде толық емес отбасы санатына бағдарланған мемлекеттік қолдау тетіктері: атаулы әлеуметтік көмек (АӘК), асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы, тұрғын үй көмегі және «Бақытты отбасы» бағдарламасы. Зерттеу пәні – «толық емес отбасы» ұғымының заңнамалық бекітілуінің ажырасу динамикасына жанама ынталандырушы әсер ету ықтималдығы, атап айтқанда «жесір», «ажырасқан әйел» және «жалғызбасты ана» мәртебелерін бір ұғымда біріктіру практикасынан туындайтын нормативтік-функционалдық шатасу. Жұмыс үш методологиялық қабатты біріктіреді: (1) формалды-құқықтық талдау – аталған бес актінің мазмұны мен жинақтық ынталандырушы мағынасы; (2) сипаттамалық статистика мен салыстырмалы талдау – ҚР ҰСБ-ның 2022–2025 жж. деректері және ҚР-мен мәдени-нормативтік тұрғыдан ұқсас Ресей Федерациясының Солтүстік Кавказ өңірлерімен салыстыру; (3) нормативтік-этикалық рефлексия – ислам құқығы мен қазақ әдет-ғұрып нормаларын заңнамалық тетіктер реттемейтін аймақтарда салыстырмалы контекст ретінде тарту. Зерттеуде ажырасудың өсуі тек әлеуметтік саясатпен түсіндірілмейтіні мойындалып, ескертпелі гипотеза ретінде толық емес отбасыларға бағытталған қолдау тетіктерінің жанама ынталандырушы мінез-құлықтық әсер ете алуы мүмкін екені талданады. Қорытындыда әлеуметтік бағдарламаларды қайта қарау және татуластыру тетіктерін енгізу бойынша ұсыныстар тұжырымдалады.